Oqıǵalar

«Saraishyq Upgrade-2024» халықаралық жастар форумы

Ү.ж. 18-19 қыркүйегінде Атырау қаласында «Saraishyq Upgrade-2024» халықаралық жастар форумы өтті, ол халықаралық деңгейде тәжірибе алмасып, жаңа білім алудың бірегей алаңына айналды. «Saraishyq Upgrade-2024» форумы Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Татарстан, Қырғызстан елдерінен және Қазақстанның барлық облыстарынан келген талантты жігіттер мен қыздардың басын біріктірді. Жастардың дамуына бағытталған бұл форумға мыңнан астам жас қатысуға ниет білдірген, алайда олардың 300-і ғана іріктеуден өтіп, осы танымдық шараға қатыса алды. Форум аясында жан-жақты білім беру бағдарламасы жүзеге асырылды: тренингтер, шеберлік сабақтары, экскурсиялар, әр бағытта спикерлермен теориялық және практикалық жұмыстар жүргізіліп, соңында қатысушылар арасында түрлі критерийлер бойынша байқаулар өткізілді. Облыстық қуыршақ театрының әртісі Даниил Норка конкурстық іріктеуден өтіп, халықаралық форумға қатысып қана қоймай, Қостанай облысы Жангелдин ауданынан келген режиссер Фариза Бүркітбаймен және Ақтөбе қаласының драма театрының актрисасы Руфина Ибрагимова-Кылосовамен бірге байқаудың күрделі тапсырмаларын орындап, «Театр»  номинациясы бойынша үздік деп танылып, 300 000 теңге ақшалай сертификатпен марапатталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға форумға қатысып, тәжірибе алмасудан өткендігін растайтын сертификаттар табысталды. Жас мамандар үшін бұл форум біліктіліктерін арттырып, кәсіби өсуі мен дамуына маңызды қадам болады.
  

Ақпараттық серіктестер