Oqıǵalar

Заманауи тақырыпқа қойылған ерекше спектакль

          Ағымдағы жылдың 25 ақпанында облыстық қуыршақ театрында «MEN…» спектаклінің премьерасы өтті. Ерекше қойылымды Грузиядан келген режиссер Николоз Сабашвили қойды. Әрдайым көрермен үшін заманауи драматургияны қарастырып, өзекті мәселелерге назар аударатын, ізденімпаз режиссер өз қойылымында маңызды әлеуметтік тақырып – буллингті қозғады. Буллинг – күш көрсету, қысым жасау немесе балағаттау ғана емес,  адамға ауыр зардап тигізетін психологиялық жарақат екенін түсінуіміз қажет. Спектакльдегі басты кейіпкердің тағдыры осындай ойға жетелейді. Өмірінің әртүрлі кезеңдерінде ол қатыгездікке, түсінбеушілікке тап болып, зорлық-зомбылық пен сан алуан қорлықты бастан кешіреді.  Көрермен қойылымды көргеннен кейін әрбір қатысушының эмоционалдық жай-күйін сезіне алады, моральдық және физикалық қысымды басынан кешкен адамның азабы мен қайғысын түсініп, буллинг мәселесін әр қырынан қарастырады. Спектакль  дәстүрлі емес режиссерлік шешімде қойылып, жаңа әдістерді ұтымды қолдана білгенімен ерекшеленеді. Николоз Сабашвили өзін толғандырған барлық мәселелерді көрерменге бүкпесіз жеткізіп, идеяларын жүзеге асыру үшін режиссер ретінде ғана емес, сонымен қатар пьесаның көрнекі бейнесін беретін суретші және музыканың авторы ретінде спектакль жасауға үлесін қосты. Премьераға құрметті қонақтар, БАҚ өкілдері және жас көрермендер қатысты. Алғашқы көрермендердің пікірінше, бұл спектакль театр өнерінің барлық білгірлері үшін айтулы оқиға болмақ.
       

Ақпараттық серіктестер